Правила казахского языка
  • Регистрация

Мақал-мәтелдер (Пословицы и поговорки)

Мақал-мәтелдер — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі.

Пословицы и поговорки — меткие выражения, созданные народом, а также переведенные из древних письменных источников и заимствованные из произведений литературы.

Тақырыптар (Темы):


Адам туралы

  1. Ат аяғынан семірер,
    Адам құлағынан семірер.
  2. Екі кісі ығысса,
    Бір кісілік орын бар.
  3. Адам сөйлескенше,
    Жылқы кісінескенше.
  4. Бұрынғының кісісі —
    Бүгінгінің кішісі.
  5. Ағаш көркі — жапырақ,
    Адам көркі — шүберек.
  6. Кісі аты тершіл,
    Кісі киімі кіршіл.
  7. Кісідегінің
    Кілті аспанда.
  8. Кісі қатесіз болмас,
    Көл бақасыз болмас.
  9. Адам құлақтан азады,
    Қаңқудан тозады.
  10. Әлсіз адам — сүріншек,
    Ақылсыз адам — еріншек.
  11. Адам аласы ішінде,
    Мал аласы сыртында.
  12. Жақсы адам — елдің көркі,
    Жауқазын гүл — жердің көркі.
  13. Адамның ұяты бетінде,
    Адамгершілігі ниетінде.
  14. Көкірегі жел адам — өр кеуде,
    Көкірегі көр адам — жай пенде.
  15. Адамның сырты — алдамшы.
  16. Адам қайғысы — заман қайғысы.
  17. Бір адам — самал,
    Екі адам — амал,
    Үш адам — жамал,
    Төрт адам— қамал.
  18. Адамның құлқы түзелмей,
    Өмірдің құлпы түзелмейді.
  19. Желауыз адамға, сыр айтпа,
    Жебір ауыз адамға, мұң тайпа.
  20. Асауды бас білдіретін жігіт бар.
    Адамды аздырмайтын үміт бар.
  21. Адамға адам жат емес.
  22. Адам ойға тоймас,
    Бөрі қойға тоймас.
  23. Он адам жүрген жерде із қалады,
    Жүз адам жүрген жер - соқпақ,
    Мың адам жүрген жерде жол қалады.
  24. Адам қайғысы - заман қайғысы.
  25. Адам бір-біріне қонақ.

Ас туралы

  1. Ас – адамның арқауы.
  2. Аштық ас талғатпайды.
  3. Өзi тойса да көзi тоймайды.
  4. Сыйлап берген су да тәттi.
  5. Тату үйдiң тамағы тәттi.
  6. Ат адамның қанаты,
    Ас адамның қуаты.
  7. Ықыласпен берген су да ас.
  8. Ас тұрған жерде ауру тұрмайды.
  9. Қарны ашқан қазанға қарар.
  10. Ер азығы мен бөрi азығы жолда.
  11. Жарты құрсақ пайда,
    Бүтiн құрсақ қайда.
  12. Қарны ашқанға қара нан да май татыр,
    Шөлдегенге қара су да бал татыр.
  13. Дастарқанда наны жоқтың,
    Тамағының сәні жоқ.
  14. Жұмыс ауыр болса да нан тәттi.
  15. Нан болса, ән де болады.
  16. Нан – тамақтың атасы.
  17. Адамдықтан үлкен ат жоқ,
    Наннан үлкен ас жоқ.
  18. Егінші нанын жейді, еріншек арын жейді.
  19. Жақсы еңбектенсең – ауызың нанға тиеді,
    Ерiнiп еңбектенсең – ауызың тасқа тиеді.
  20. Өле жегенше, бөле же.

Байлық пен кедейлік туралы

  1. Жарлының байлығы – дененiң саулығы.
  2. Байлық мұрат емес,
    Жоқтық ұят емес.
  3. Аттыға жаяу жолдас болмас.
  4. Адамды тарлық шынықтырады,
    Адамгершiлiктi барлық ұмыттырады.
  5. Жамау тапқан жарлы болмас.
  6. Жүзiгiң алтын болғанша, жүзiң жарқын болсын.
  7. Есеп білген ұтылмас.
  8. Бай мақтанса табылар,
    Кедей мақтанса шабылар.
  9. Бірінші байлық – денсаулық,
    Екінші байлық – ақ жаулық,
    Үшінші байлық – он саулық.
  10. Жарлы болсаң да арлы бол.

Балалар туралы

  1. Балаға пышақ бермесең бір жылар, берсең — екі жылар.
  2. Балажанды биелер құлындарын теппейді,
    Балажанды адамды бала айналып кетпейді.
  3. Бала жасындағысын ұмытпайды,
    Таз басындағысын ұмытпайды.
  4. Бала жетесіз болса ата-анасын жерге қаратады.
    Бала жетелі болса ата-анасын елге қаратады.
  5. Бала жетіге жеткенше жерден таяқ жейді.
  6. Бала жүгірсе қарттың қарап отырып аяғы ауырады.
  7. Бала кезде нені әдет етсең соның шырмауында қаласың.
  8. Бала көңілдің гүлі, көздің нұры.
  9. Бала күлкіге тоймас,
    Болбыр ұйқыға тоймас.
  10. Айдың ізін ай басар,
    Аттың ізін тай басар.
  11. Бала адамның бауыр еті, көз нұры.
  12. Бала анаға аян, әкеге күмән.
  13. Бала — бауыр, дос — тамыр.
  14. Баланың сотқары — пәленің шокпары.
  15. Егін өнбесе қайғы — бір жылдық,
    Балаң оңбаса қайғы — ғұмырлық.
  16. Ерке бала екі жылар.
  17. Жақсы бала жансақ,
    Жаман бала малсақ.
  18. Жақсы бала ойлағыш,
    Жаман бала тойлағыш.
  19. Жақсы бала сүйік,
    Жаман бала күйік.
  20. Балалы үй - базар,
    Баласыз үй - мазар.

Білім туралы

  1. Күш - білімде, білім - кітапта.
  2. Білетінің бір тоғыз,
    Білмейтінің тоқсан тоғыз.
  3. Білмесең үндеме,
    Білгенді күндеме.
  4. Білім гауһар, бағасы жоқ.
    Надандық кесел, дауасы жоқ.
  5. Киіміне қарап қарсы алады,
    Біліміне қарап шығарып салады.
  6. Қына тасқа бітеді,
    Білім басқа бітеді.
  7. Білегі күшті бірді жығады,
    Білімі күшті мыңды жығады.
  8. Өз білмегеніңді кісіден сұра,
    Үлкен жоқ болса кішіден сұра.
  9. Ақыл - тозбайтын тон,
    Білім – таусылмайтын кен.
  10. Білім арзан,
    білу қымбат.
  11. Екпей егін шықпас,
    Үйренбей білім жұқпас.
  12. Наданмен дос болғанша,
    Кітаппен дос бол.
  13. Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер,
    Залыммен жақын болсаң, басың кетер.
  14. Жеті жұрттың тілін біл,
    Жеті түрлі білім біл.
  15. Оқымаған бір бала,
    Оқыса екі бала.
  16. Ұстаздан шәкірт озар.
  17. Алтын алма, білім ал.
  18. Ғылым - теңіз, білім - қайық.
  19. Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір.
  20. Білімді өлсе,
    Қағазда аты қалар.
    Ұста өлсе,
    Істеген заты қалар.
  21. Жердің сәні - егін,
    Ердің сәні - білім.
  22. Өмірдің өзі - ұлы ұстаз.
  23. Білім басы - бейнет, соңы - зейнет.
  24. Ілім - бұлақ
    Білім - шырақ.
  25. Оқусыз білім жоқ,
    Білімсіз күнің жоқ.
  26. Оқу түбі тоқу.
  27. Білім - ер азығы,
    Ер - ел азығы.
  28. Оқу - білім азығы,
    Білім - ырыс қазығы.
  29. Туа білмейді, жүре біледі.
  30. Ақыл азбайды,
    Білім тозбайды.

Денсаулық туралы

  1. Әуелгі байлық — ден саулық,
    Екінші байлық — он саулық,
    Үшінші байлық — ақ жаулық.
  2. Жарлының байлығы —
    Дәнінің саулығы.
  3. Денсаулық — зор байлық.
  4. Айдалада атқан оқ
    Ажалдыға тиеді.
  5. Күлегештің көңілі азбас,
    Күтіншектің өзі азбас.
    Қырықта қылау,
    Сексенде шылау.
  6. Өлгенге өкпе жүрмейді.
  7. Бас ауырса, жан қорқады.
  8. Екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені.
  9. Тазалық - саулық негізі,
    Саулық - байлық негізі.
  10. Азған денеге ауру үйір.
  11. Аурудың жақсысы жоқ,
    Дәрінің тәттісі жоқ.
  12. Демі бардың емі бар.
  13. Ауру кісі күлкі сүймес,
    Ауыр жүкті жылқы сүймес.
  14. Дауды елемеген төлейді,
    Ауруды елемеген өледі.
  15. Аурудың алдын ал.

Достық туралы

  1. Жолдасы көптің – олжасы көп.
  2. Жолдастының жолы кең.
  3. Қимас досың сұраса, қимасыңды бергейсің.
  4. Жолдасың жаман болса,
    Алыс жүріп түн қатпа.
    Қатының жаман болса,
    Кісі алдында тіл қатпа.
  5. Жолдасты жол айырады.
  6. Досы көппен сыйлас,
    Досы азбен сырлас.
  7. Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам.
  8. Жолдасын тастаған – жолда қалар.
  9. Досыңды мақтағаның - өзіңді жақтағаның.
  10. Ағаш тамырымен мықты,
    Адам досымен мықты.
  11. Дос сыртыңнан мақтар,
    Дұшпан көзіңе мақтар.
  12. Дұшпан күлдіріп айтады,
    Дос жылатып айтады.
  13. Досың дос болғанға шаттан,
    Дұшпанмен дос болудан сақтан.
  14. Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.
  15. Ерегескен ел болмайды,
    Есептескен дос болмайды.
  16. Екі жақсы қосылса,
    Өлгенінше дос болады,
    Екі жаман қосылса.
    Өлгенінше қас болады.
  17. Заттың жаңасы жақсы,
    Достың ескісі жақсы.
  18. Жігіт жолдасынан белгілі.
  19. Құс қанатымен,
    Ер жолдасымен.
  20. Ай көрмесең туысың жат,
    Жыл көрмесең жолдасың жат.

Еңбек туралы

  1. Еңбек ептілікті сүйеді.
  2. Азығымен жер мүсінді,
    Еңбегімен ер мүсінді.
  3. Еңбексіз өмір – сөнген көмір.
  4. Еңбек қылмай ер оңбас,
    Бірлік қылмай ел оңбас.
  5. Еңбексіз өмір жоқ,
    Ауырсыз жеңіл жоқ.
  6. Еріншектің ертеңі бітпес.
  7. Ұстаның бізі сүйкімді,
    Жақсының сөзі сүйкімді.
  8. Ер дәулеті — еңбек.
  9. Ер еңбегіне бір тойсын.
  10. Еңбегіне қарай, өнбегі.
  11. Еңбек ерлікке жеткізер.
    Ерлік елдікке жеткізер.
  12. Еңбек ет те, міндет ет.
  13. Көп еңбегі — көңілді.
  14. Еңбегің сайлы болса,
    Ішің майлы болар.
  15. Еңбек ет те мақтан,
    Ойнап-күл де шаттан.
  16. Еңбек — ширатады.
    Өмір — үйретеді.
  17. Еңбек пен бақыт егіз.
  18. Еңбекпен ер өседі,
    Егізден төл өседі.
  19. Еңбек түбі — қуаныш,
    Сауда түбі — реніш.
  20. Халық — қазы,
    Еңбек — таразы.

Ерлік, батылдық туралы

  1. Ерлік білекте емес, жүректе.
  2. Ерлік егесте керек.
  3. Тәуекел тау жығады.
  4. Қаhарлы қамал бұзады.
  5. Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда.
  6. Тізерлеп жүріп күнелткеннен, тік жүріп өлген артық.
  7. Ақыл жетпес айла жоқ, батылдық алмас қамал жоқ.
  8. Ебін тапқан екі асар.
  9. Өжет өлімнен қаймықпас.
  10. Шапшаң жүргенге шаң жұқпас.
  11. Көз – қорқақ, қол – батыр.
  12. Шапқан озар, жатқан қалар.
  13. Iздеген табады, сұраған алады.
  14. Батыл аңғал, ер көдек.
  15. Батыр аңғырт, бай саңғырт.
  16. Батыр бастас, бай қоныстас.
  17. Батыр елінде, балық көлінде.
  18. Өлiмнен басқаның бәрiне асық.
  19. Жоқ iздеген жоғалғанды табады.
  20. Қимылдаған қыр асар.

Әділдік туралы

  1. Әділ айтқан жеңер.
  2. Әділ айтсаң ағайынға жақпайсың,
    Әзіл айтсаң маңайыңа жакпайсың.
  3. Әділдікке жығылмайтын адам жоқ.
  4. Әділдіктен қашпа.
  5. Әділет қылышы кескен қол ауырмас.
  6. Әділ істің арты игі.
  7. Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады,
    Саудаң әділ болмаса нарық бұзылады.
  8. Әр елдің заңы баска, иттері қарақасқа.
  9. Пікір таласы — шындық анасы.
  10. Шын — бір сөз, өтірік — мың сөз.
  11. Шыңдық бар жерде өтірік байқап жүреді,
    Шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.
  12. Шындық жоқ жерде сұмдық көп.
  13. Әділін айтсаң — әдемі айтқаның.
  14. Әділ сөздің зілі жоқ,
    Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
  15. Әділ іс ағын судың арнасыңдай.
    Әділ сөз болат семсер алмасындай.

Әйел туралы

  1. Әйел ашуланса күші екі көзіне жетеді.
  2. Әйел десем әжеме тиеді.
  3. Әйелді жаман десең, анаң соның ішінде.
  4. Әйелдің асылы түсінен білінеді.
  5. Әйелдің бір өнері ас пісіру.
  6. Әйелдің күші аз, айласы көп.
  7. Әйелдің өркөкірегі қор болады,
    Еркектің өркөкірегі зор болады.
  8. Әйелдің пірі — еркек.
  9. Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
  10. Әйел ерге, ер жерге қарайды.
  11. Әйел ерімен, диқан жерімен.
  12. Әйел жерден шыкқан жоқ, ол да еркектің баласы.
    Еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы.
  13. Әйел жолда, бала белде.
  14. Әйел көркі ақылда.
  15. Әйелсіз үй сусыз диірмен.
  16. Әйел үйдің ажары,
    Бала үйдің базары.
  17. Әйелінен сескенген ауылдасына шай іш демейді.
  18. Әйел үй сақтайды,
    Еркек түз сақтайды.
  19. Еркек — түздің аңы,
    Әйел — үйдің қамы.
  20. Әйелінен ұялған баласыз өтеді.

Жақсылық пен жамандық туралы

  1. Жақсылық еккен алғыс орады.
  2. Жақсы адамның танысы көп, жаман адамның жақыны жоқ.
  3. Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі,
    Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі.
  4. Оқтаулы мылтық мың күн тұрса, өзі атылады.
  5. Қайыр қылсаң, бүтін қыл.
  6. Қайыр бар жерде ырыс бар.
  7. Жақсылықтың ерте-кеші жоқ.
  8. Күшті қауіпті емес, кекшіл қауіпті.
  9. Істеген жақсылығын біреуден болмаса, біреуден қайтар.
  10. Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді.
  11. Егінші мәрт – жер жомарт.
  12. Не ексең, соны орарсың.
  13. Көзі жаманның сөзі жаман.
  14. Жақсы туса – елдің ырысы,
    Жаңбыр жауса – жердің ырысы.
  15. Айыратын жаман бар, қосатын жаран бар.
  16. Жақсы кісі текшіл,
    Жаман кісі кекшіл.
  17. Жақсы болсаң - озарсың,
    Жаман болсаң - азарсың.
  18. Жақсы көргенін мақтап жүрер, жаман көргенін даттап жүрер.
  19. Жақсы жүрген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады.
  20. Жақсылық қылсаң, жарлы болмассың.

Жан-жануарлар туралы

  1. Қойдың сүті — қорғасын.
  2. Ісек қойдың басы үлкен,
    Саулық қойдың жасы үлкен.
  3. Ала қойды бөле қырыққан
    Жүнге жарымайды.
  4. Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
  5. Ақсақ қой жатып семірер.
  6. Арық қой — тырысқақ,
    Ашадам — ұрысқақ.
  7. Жаман жасаққа жарамайды,
    Желінсау қосаққа жарамайды.
  8. Қарақұрт жесе
    Қой семіреді.
  9. Семіздің аяғы сегіз.
  10. Семіздікті қой көтерер.
  11. Қойшы көп болса,
    Қой арам өледі.
  12. Екі қошқардың басы
    Бір қазанға сыймас.
  13. Сүтсіз қой — маңырауық.
  14. Қойға қоңырау жараспас.
  15. Мал аяған — аттан құр,
    Төл аяған — ақтан құр.
  16. Қойлы бай — қорлы бай,
    Жылқылы бай — сылдыр бай.
  17. Қой семізі — қойшыдан.
  18. Аз қойда айран барда, өре жоқ.
  19. Қой алты күн аштыққа шыдайды.
  20. Қой — байлық,
    Жылқы — сәндік.

Жанұя туралы

  1. Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер.
  2. Бала тәрбиесі – бесіктен.
  3. Жақсы әке – жаман балаға қырық жылдық ризық.
  4. Інісі бардың тынысы бар,
    Ағасы бардың жағасы бар.
  5. Апасының киген тонын сіңлісі де киер.
  6. Ата – баланың қорғаны.
  7. Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
  8. Бала – ананың бауыр еті.
  9. Сақау баланың тілін шешесі біледі.
  10. Өз үйім – өлең төсегім.

Келін туралы

  1. Әр елден келін келер,
    Әр түрлі ырым етер.
  2. Жақсы енені жаман келін жер қылады,
    Жақсы келін жаман енені ел кылады.
  3. Баланың өзі болғаңдай,
    Келіннің өзі келгендей.
  4. Жақсы ауылға келген келін — келін,
    Жаман ауылға келген келін — келсап.
  5. Балаң жаман болса да
    Келінің жақсы болсын.
  6. Жақсы келін жақсы жеңгеден кем түспейді.
  7. Жақсы келін — келін,
    Жаман келін — өлім.
  8. Жақсы келін кұрдасындай болар,
    Жақсы ұлың сырласыңдай болар.
  9. Жақсы келін қызындай,
    Жақсы күйеу ұлындай.
  10. Келін бой жасырады, дауысын таудан асырады.
  11. Келін жақсы болса немере тәтті.
  12. Келін жаман емес, келген жері жаман.
  13. Келін, келін, келін бақ, келмей жатып сөзің бақ.
  14. Келіннің бетін кім ашса сол ыстық.
  15. Келіннің аяғынан,
    Қойшының таяғынан.
  16. Келіннің сөзі кетпендей
    Баланың сөзі батпандай.
  17. Келіні жақсы үйдің керегесі алтын.
  18. Қызым саған айтам,
    Келінім сен тында.
  19. Төркіні тентек келіннің тілі ұзын,
    Төркіні момын келіннің жібі ұзын.
  20. Ұлттың жауы диуана,
    Келіннің жауы кейуана.

Кітап туралы

  1. Кітап - білім бұлағы,
    Білім - өнер шырағы.
  2. Кітап - ғалым, тілсіз мұғалім.
  3. Кітап — алтын қазына.
  4. Кітап алтын сандық:
    іші толған қазына, құт,
    оқы, оқы, ойыңа тұт.
  5. Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан.
  6. Кітап - қаймақ, білім - оймақ.
  7. Кітап - оқығандікі, білім тоқығандікі.

Күйеу туралы

  1. Күйеу атымен күл тасы,
    Жезденің атымен жер айда.
  2. Жаман күйеу қайынсақ.
  3. Жаман күйеу таң атқан соң сөз қатады.
  4. Күйеу жолдасымен жарасымды,
    Қыз жасауымен жарасымды.
  5. Күйеу жүз жыддық,
    Құда мың жылдық.
  6. Күйеу келсе қыз тұрмас,
    Бесін келсе күн тұрмас.
  7. Күйеуіне қызы сай,
    Елігіне жері сай.
  8. Күнде келсе күйеу жаман,
    Жымысқы болса жиен жаман.
  9. Күшік күйеу болғанша
    иттің күшігі бол.
  10. Кайындағы күйеуден қарғылаған тазы артық.

Қыздар туралы

  1. Ақылды қыз — ауыл көркі.
  2. Алқатсаң алқат қызынды
    ақтар ол дәм-тұзынды.
  3. Арпа берсең атқа бер, қатыр-құтыр шайнасын.
    Қызды берсең жасқа бер құшақтасып ойнасын.
  4. Астың дәмін келтірген тұз әулие
    Елдің сәнін келтірген қыз әулие.
  5. Ән сазымен, қыз назымен.
  6. Байжанды қыз — ұятсыз.
  7. Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
  8. Бір қыздың кесірі қырық есекке жүк.
  9. Бір қыз күйеуге тисе,
    Басқа қыздар түс көреді.
  10. Жақсы қыз біреу келсе есік ашар,
    Жаман қыз біреу келсе төрге қашар.
  11. Жақсы қызды жатқа жібермейді.
  12. Жақсы қыз жағадағы құндыз,
    Жақсы жігіт көктегі жұлдыз.
  13. Жақсы қыз жыртық лашық ішінде.
  14. Жаман қызбен жатқанша,
    Жақсы қызбен сыбырлас.
  15. Жауынды күні ат көрме,
    Айтты күні қыз көрме.
  16. Қызды ауылдың иті жатпас.
  17. Қызды қартқа тандат,
    Атты жігітке тандат.
  18. Қыздың аңқауынан сақта,
    Ұлдың жалқауынан сақта.
  19. Қызға берген білінбес.
  20. Кәрі қыздың ұяты босағадан аттағанша.

Мақсат туралы

  1. Арманы жоқ жігіттің пәрмені жоқ.
  2. Іздеген мұратына жетеді.
  3. Желі тұрған оңынан.
    Жеті өзеннен өтеді,
    Жеті таудан өтеді,
    Арманына жетеді.
  4. Армансыз адам алысқа бармас.
  5. Ерді талап ұшырар, құсты қанат ұшырар.
  6. Жақсы ниет – жарым ырыс.
  7. Талапсыз өмір бос.
  8. Арман – адамға қанат.
  9. Енбекшінің мұратын балта кеспес.
  10. Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес.

Отан, туған жер туралы

  1. Гүл өз жерiнде ғана – гүл,
    Адам өз отанында ғана - адам.
  2. Отан отбасынан басталады.
  3. Отанның жуасы да тәттi.
  4. Отаныңның әр ағашы күлімдеп тұрады.
  5. Алқапсыз тау болмайды, Отансыз ер жоқ.
  6. Туған ел – тұғырың.
  7. Өзіңнің ғажайып Отаныңды ұмытпа, өз туған жеріңе ешқашан соқпай өтпе.
  8. Әр құстың өз ұясы өзіне қымбат.
  9. Тамырсыз жусан да өспейді.
  10. Туған жердің ауасы да шипа.
  11. Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.
  12. Отанды сүю – от басынан басталады.
  13. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
  14. Отан елдің анасы, Ел ердің анасы.
  15. Ел іші - алтын бесік.
  16. Отан елдің анасы,
    Ел ердің анасы.
  17. Опасызда oтан жоқ.
  18. Отан үшін күрес — ерге тиген үлес.
  19. Ер — елінде, гүл — жерінде.
  20. Өз елінде көртышқан да батыр.

Су туралы

  1. Арық бар жерде су бар,
    Су бар жерде ну бар.
  2. Бұлақ көрсең көзін аш.
  3. Дария басы — бұлақ.
  4. Көлдің көркі — құрақ,
    Таудың көркі — бұлақ.
  5. Көл тартылса кұс қашар.
  6. От — арық, су — семіз.
  7. Ағын су арнасын табады.
  8. Саяз су сарқырап ағады.
  9. Су анасы — бұлақ,
    Сөз анасы — құлақ.
  10. Су байлық — алты айлық,
    Қар байлық — үш айлық.
  11. Су басынан бұзылады.
  12. Су — диханның каны,
    Жер — қолыңдағы наның.
  13. Судың да сұрауы бар.
  14. Су — зер, сушы — зергер.
  15. Су — қан, еңбек — жан.

Табиғат туралы

  1. Қыстың көзі қырау.
  2. Нөсер алдында найзағай ойнайды.
  3. Сәуір болса күн күркірер.
  4. Сәуір болмай, тәуір болмас.
  5. Жаңа айдан жақсылық.
  6. Күркіреген бұлттың жаңбыры аз.
  7. Қыстағы қар - жерге ырыс,
    Жердегі ылғал – елге ырыс.
  8. Боранда күні ит пен бала құтырады.
  9. Күн күркіресе, көп дүркірер.
  10. Ағаш тамырымен мықты,
    Адам дос-жарымен мықты.

Тау туралы

  1. Бұлбұлға бау жақсы,
    Кекілікке тау жақсы.
  2. Асқар тау алыстан көрінеді.
  3. Асқар таудай алып бол,
    Әппақ күндей жарық бол.
  4. Тау айналмайды, тас айналады.
  5. Тау бұлағымен сәнді,
    Көл кұрағымен сәнді.
  6. Тауға сүйенген таудай пәледен аман қалады.
  7. Таудың биіктігін төбе аңғартады,
    Маяның биіктігін көде аңғартады.
  8. Тау кезеңсіз болмас,
    Өлке өзенсіз болмас.
  9. Таулы жердің қыраны көп.
  10. Тау мен тасты су бұзады,
    Азаматты сөз бұзады.

Тәрбие туралы

  1. Тәрбие тал бесіктен басталады.
  2. Тәрбиелі адам - тағалы атпен тең.
  3. Бесік көрмеген ессіз болып, есікке енеді.
  4. Бесіктен белі шықпаған.
  5. Анасын сүйгеннің баласын сүй.
  6. Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.
  7. Алдыңғы арба қалай жүрсе,
    Соңғы арба сонда жүрер.
  8. Жеті атасын білмеген – жетесіз.
  9. Сүтпен кірген мінез.
    Сүйекпен кетеді.
  10. Құс жеткен жеріне қонады.

Тіл туралы

  1. Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын.
  2. Жыланның уы – тісінде, адамның уы – тілінде.
  3. Сөз қадірін білмеген өз қадірін білмейді.
  4. Жанған от тәнді жылытады, жақсы сөз жанды жылытады.
  5. Жаман сөз жылатады, жақсы сөз жұбатады.
  6. Қиыстырып қаласаң отын жанар, қиыстырып айтсаң халық нанар.
  7. Жақсы сөз – жан азығы.
  8. Тiл – көңiлдiң кiлтi.
  9. Ми ойлағанды тіл тындырады.
  10. Қылышынан қан тамған батырды, тiлiнен бал тамған шешен аттан түсiрiптi.
  11. Өнер алды – қызыл тiл.
  12. Бал тамған тiлден у да тамады.
  13. Қылыш жарасы бітер, тіл жарасы бітпес.
  14. Сиыр мүйізінен жазады, адам тілінен жазады.
  15. Тіл тікенді де алады.
  16. Түйе көтермегенді тіл көтереді.
  17. Аз сөйле, көп істе.
  18. Жақсы сөз – жан ырысы.
  19. Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
  20. Тілде тиек жоқ.
  21. Піл көтермегенді тіл көтереді.
  22. Ана тіліңалпыс тілге татиды.
  23. Қол шешпеген түйінді тіл шешеді.
  24. Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты.
  25. Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
  26. Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт.
  27. Тәрбие тілден басталады.
  28. Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, cыйынатын тәңірі.
  29. Тіл – асыл ойдың бұлағы.
  30. Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.
  31. Тілді қорлау – халықты қорлау.
  32. Ұлттың қуаты – тілінде.
  33. Тіл – достықтың мерейі.
  34. Тіл – білім, тәрбие тұғыры.
  35. Тіл – атадан қалған асыл мұра.

Халық туралы

  1. Халық та, жер тәрiздi, – кәрiлiктi бiлмейді.
  2. Жол жолмен қосылады, халық халықпен қосылады.
  3. Халықтың күшi – бiрлiкте.
  4. Халықтың үні зеңбіректердің дүмпуінен күштірек.
  5. Халық халыққа жау емес.
  6. Су жүрген жер береке,
    Ел жүрген жер мереке.
  7. Халыққа қарсы жүру - ағысқа қарсы жүзу.
  8. Көптің қолы көкке жетеді.
  9. Халық — қазы, еңбек — таразы.
  10. Халық сүймес, халық сүйген — суға батпас, отқа күймес.
  11. Халық сыны қатесіз.
  12. Халықтан бөлінген қараң қалар.
  13. Халық түзетпегенді қалып түзетпейді.
  14. Халықтың құшағы кең.
  15. Халық ұйғарса хан түйесін сояды.

Нравится

Комментарии:

Добавить комментарий

Защитный код
Обновить