Мақал-мәтелдер (Пословицы и поговорки)
Мақал-мәтелдер — нақыл сөз. Ол өмірдегі түрлі құбылысты жинақтап, түйіп, ықшамдап беріп, бір не екі тармақтан тұратын, алдыңғы жолдарында пайымдап, соңғы жолдарында қорытылған ой айтатын халықтық бейнелі поэтикалық жанрдың бір түрі.
Пословицы и поговорки — меткие выражения, созданные народом, а также переведенные из древних письменных источников и заимствованные из произведений литературы.
Адам туралы
- Ат аяғынан семірер,
Адам құлағынан семірер.
- Екі кісі ығысса,
Бір кісілік орын бар.
- Адам сөйлескенше,
Жылқы кісінескенше.
- Бұрынғының кісісі —
Бүгінгінің кішісі.
- Ағаш көркі — жапырақ,
Адам көркі — шүберек.
- Кісі аты тершіл,
Кісі киімі кіршіл.
- Кісідегінің
Кілті аспанда.
- Кісі қатесіз болмас,
Көл бақасыз болмас.
- Адам құлақтан азады,
Қаңқудан тозады.
- Әлсіз адам — сүріншек,
Ақылсыз адам — еріншек.
- Адам аласы ішінде,
Мал аласы сыртында.
- Жақсы адам — елдің көркі,
Жауқазын гүл — жердің көркі.
- Адамның ұяты бетінде,
Адамгершілігі ниетінде.
- Көкірегі жел адам — өр кеуде,
Көкірегі көр адам — жай пенде.
- Адамның сырты — алдамшы.
- Адам қайғысы — заман қайғысы.
- Бір адам — самал,
Екі адам — амал,
Үш адам — жамал,
Төрт адам— қамал.
- Адамның құлқы түзелмей,
Өмірдің құлпы түзелмейді.
- Желауыз адамға, сыр айтпа,
Жебір ауыз адамға, мұң тайпа.
- Асауды бас білдіретін жігіт бар.
Адамды аздырмайтын үміт бар.
- Адамға адам жат емес.
- Адам ойға тоймас,
Бөрі қойға тоймас.
- Он адам жүрген жерде із қалады,
Жүз адам жүрген жер - соқпақ,
Мың адам жүрген жерде жол қалады.
- Адам қайғысы - заман қайғысы.
- Адам бір-біріне қонақ.
Ас туралы
- Ас – адамның арқауы.
- Аштық ас талғатпайды.
- Өзi тойса да көзi тоймайды.
- Сыйлап берген су да тәттi.
- Тату үйдiң тамағы тәттi.
- Ат адамның қанаты,
Ас адамның қуаты.
- Ықыласпен берген су да ас.
- Ас тұрған жерде ауру тұрмайды.
- Қарны ашқан қазанға қарар.
- Ер азығы мен бөрi азығы жолда.
- Жарты құрсақ пайда,
Бүтiн құрсақ қайда.
- Қарны ашқанға қара нан да май татыр,
Шөлдегенге қара су да бал татыр.
- Дастарқанда наны жоқтың,
Тамағының сәні жоқ.
- Жұмыс ауыр болса да нан тәттi.
- Нан болса, ән де болады.
- Нан – тамақтың атасы.
- Адамдықтан үлкен ат жоқ,
Наннан үлкен ас жоқ.
- Егінші нанын жейді, еріншек арын жейді.
- Жақсы еңбектенсең – ауызың нанға тиеді,
Ерiнiп еңбектенсең – ауызың тасқа тиеді.
- Өле жегенше, бөле же.
Байлық пен кедейлік туралы
- Жарлының байлығы – дененiң саулығы.
- Байлық мұрат емес,
Жоқтық ұят емес.
- Аттыға жаяу жолдас болмас.
- Адамды тарлық шынықтырады,
Адамгершiлiктi барлық ұмыттырады.
- Жамау тапқан жарлы болмас.
- Жүзiгiң алтын болғанша, жүзiң жарқын болсын.
- Есеп білген ұтылмас.
- Бай мақтанса табылар,
Кедей мақтанса шабылар.
- Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – ақ жаулық,
Үшінші байлық – он саулық.
- Жарлы болсаң да арлы бол.
Балалар туралы
- Балаға пышақ бермесең бір жылар, берсең — екі жылар.
- Балажанды биелер құлындарын теппейді,
Балажанды адамды бала айналып кетпейді.
- Бала жасындағысын ұмытпайды,
Таз басындағысын ұмытпайды.
- Бала жетесіз болса ата-анасын жерге қаратады.
Бала жетелі болса ата-анасын елге қаратады.
- Бала жетіге жеткенше жерден таяқ жейді.
- Бала жүгірсе қарттың қарап отырып аяғы ауырады.
- Бала кезде нені әдет етсең соның шырмауында қаласың.
- Бала көңілдің гүлі, көздің нұры.
- Бала күлкіге тоймас,
Болбыр ұйқыға тоймас.
- Айдың ізін ай басар,
Аттың ізін тай басар.
- Бала адамның бауыр еті, көз нұры.
- Бала анаға аян, әкеге күмән.
- Бала — бауыр, дос — тамыр.
- Баланың сотқары — пәленің шокпары.
- Егін өнбесе қайғы — бір жылдық,
Балаң оңбаса қайғы — ғұмырлық.
- Ерке бала екі жылар.
- Жақсы бала жансақ,
Жаман бала малсақ.
- Жақсы бала ойлағыш,
Жаман бала тойлағыш.
- Жақсы бала сүйік,
Жаман бала күйік.
- Балалы үй - базар,
Баласыз үй - мазар.
Білім туралы
- Күш - білімде, білім - кітапта.
- Білетінің бір тоғыз,
Білмейтінің тоқсан тоғыз.
- Білмесең үндеме,
Білгенді күндеме.
- Білім гауһар, бағасы жоқ.
Надандық кесел, дауасы жоқ.
- Киіміне қарап қарсы алады,
Біліміне қарап шығарып салады.
- Қына тасқа бітеді,
Білім басқа бітеді.
- Білегі күшті бірді жығады,
Білімі күшті мыңды жығады.
- Өз білмегеніңді кісіден сұра,
Үлкен жоқ болса кішіден сұра.
- Ақыл - тозбайтын тон,
Білім – таусылмайтын кен.
- Білім арзан,
білу қымбат.
- Екпей егін шықпас,
Үйренбей білім жұқпас.
- Наданмен дос болғанша,
Кітаппен дос бол.
- Ғылыммен жақын болсаң, қолың жетер,
Залыммен жақын болсаң, басың кетер.
- Жеті жұрттың тілін біл,
Жеті түрлі білім біл.
- Оқымаған бір бала,
Оқыса екі бала.
- Ұстаздан шәкірт озар.
- Алтын алма, білім ал.
- Ғылым - теңіз, білім - қайық.
- Тіліңмен жүгірме, біліммен жүгір.
- Білімді өлсе,
Қағазда аты қалар.
Ұста өлсе,
Істеген заты қалар.
- Жердің сәні - егін,
Ердің сәні - білім.
- Өмірдің өзі - ұлы ұстаз.
- Білім басы - бейнет, соңы - зейнет.
- Ілім - бұлақ
Білім - шырақ.
- Оқусыз білім жоқ,
Білімсіз күнің жоқ.
- Оқу түбі тоқу.
- Білім - ер азығы,
Ер - ел азығы.
- Оқу - білім азығы,
Білім - ырыс қазығы.
- Туа білмейді, жүре біледі.
- Ақыл азбайды,
Білім тозбайды.
Денсаулық туралы
- Әуелгі байлық — ден саулық,
Екінші байлық — он саулық,
Үшінші байлық — ақ жаулық.
- Жарлының байлығы —
Дәнінің саулығы.
- Денсаулық — зор байлық.
- Айдалада атқан оқ
Ажалдыға тиеді.
- Күлегештің көңілі азбас,
Күтіншектің өзі азбас.
Қырықта қылау,
Сексенде шылау.
- Өлгенге өкпе жүрмейді.
- Бас ауырса, жан қорқады.
- Екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені.
- Тазалық - саулық негізі,
Саулық - байлық негізі.
- Азған денеге ауру үйір.
- Аурудың жақсысы жоқ,
Дәрінің тәттісі жоқ.
- Демі бардың емі бар.
- Ауру кісі күлкі сүймес,
Ауыр жүкті жылқы сүймес.
- Дауды елемеген төлейді,
Ауруды елемеген өледі.
- Аурудың алдын ал.
Достық туралы
- Жолдасы көптің – олжасы көп.
- Жолдастының жолы кең.
- Қимас досың сұраса, қимасыңды бергейсің.
- Жолдасың жаман болса,
Алыс жүріп түн қатпа.
Қатының жаман болса,
Кісі алдында тіл қатпа.
- Жолдасты жол айырады.
- Досы көппен сыйлас,
Досы азбен сырлас.
- Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам.
- Жолдасын тастаған – жолда қалар.
- Досыңды мақтағаның - өзіңді жақтағаның.
- Ағаш тамырымен мықты,
Адам досымен мықты.
- Дос сыртыңнан мақтар,
Дұшпан көзіңе мақтар.
- Дұшпан күлдіріп айтады,
Дос жылатып айтады.
- Досың дос болғанға шаттан,
Дұшпанмен дос болудан сақтан.
- Жаман жолдастан жақсы дұшпан артық.
- Ерегескен ел болмайды,
Есептескен дос болмайды.
- Екі жақсы қосылса,
Өлгенінше дос болады,
Екі жаман қосылса.
Өлгенінше қас болады.
- Заттың жаңасы жақсы,
Достың ескісі жақсы.
- Жігіт жолдасынан белгілі.
- Құс қанатымен,
Ер жолдасымен.
- Ай көрмесең туысың жат,
Жыл көрмесең жолдасың жат.
Еңбек туралы
- Еңбек ептілікті сүйеді.
- Азығымен жер мүсінді,
Еңбегімен ер мүсінді.
- Еңбексіз өмір – сөнген көмір.
- Еңбек қылмай ер оңбас,
Бірлік қылмай ел оңбас.
- Еңбексіз өмір жоқ,
Ауырсыз жеңіл жоқ.
- Еріншектің ертеңі бітпес.
- Ұстаның бізі сүйкімді,
Жақсының сөзі сүйкімді.
- Ер дәулеті — еңбек.
- Ер еңбегіне бір тойсын.
- Еңбегіне қарай, өнбегі.
- Еңбек ерлікке жеткізер.
Ерлік елдікке жеткізер.
- Еңбек ет те, міндет ет.
- Көп еңбегі — көңілді.
- Еңбегің сайлы болса,
Ішің майлы болар.
- Еңбек ет те мақтан,
Ойнап-күл де шаттан.
- Еңбек — ширатады.
Өмір — үйретеді.
- Еңбек пен бақыт егіз.
- Еңбекпен ер өседі,
Егізден төл өседі.
- Еңбек түбі — қуаныш,
Сауда түбі — реніш.
- Халық — қазы,
Еңбек — таразы.
Ерлік, батылдық туралы
- Ерлік білекте емес, жүректе.
- Ерлік егесте керек.
- Тәуекел тау жығады.
- Қаhарлы қамал бұзады.
- Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда.
- Тізерлеп жүріп күнелткеннен, тік жүріп өлген артық.
- Ақыл жетпес айла жоқ, батылдық алмас қамал жоқ.
- Ебін тапқан екі асар.
- Өжет өлімнен қаймықпас.
- Шапшаң жүргенге шаң жұқпас.
- Көз – қорқақ, қол – батыр.
- Шапқан озар, жатқан қалар.
- Iздеген табады, сұраған алады.
- Батыл аңғал, ер көдек.
- Батыр аңғырт, бай саңғырт.
- Батыр бастас, бай қоныстас.
- Батыр елінде, балық көлінде.
- Өлiмнен басқаның бәрiне асық.
- Жоқ iздеген жоғалғанды табады.
- Қимылдаған қыр асар.
Әділдік туралы
- Әділ айтқан жеңер.
- Әділ айтсаң ағайынға жақпайсың,
Әзіл айтсаң маңайыңа жакпайсың.
- Әділдікке жығылмайтын адам жоқ.
- Әділдіктен қашпа.
- Әділет қылышы кескен қол ауырмас.
- Әділ істің арты игі.
- Әкімің әділ болмаса жұрт бұзылады,
Саудаң әділ болмаса нарық бұзылады.
- Әр елдің заңы баска, иттері қарақасқа.
- Пікір таласы — шындық анасы.
- Шын — бір сөз, өтірік — мың сөз.
- Шыңдық бар жерде өтірік байқап жүреді,
Шындық жоқ жерде шіреніп, шайқап жүреді.
- Шындық жоқ жерде сұмдық көп.
- Әділін айтсаң — әдемі айтқаның.
- Әділ сөздің зілі жоқ,
Көп көзінен өткен істің міні жоқ.
- Әділ іс ағын судың арнасыңдай.
Әділ сөз болат семсер алмасындай.
Әйел туралы
- Әйел ашуланса күші екі көзіне жетеді.
- Әйел десем әжеме тиеді.
- Әйелді жаман десең, анаң соның ішінде.
- Әйелдің асылы түсінен білінеді.
- Әйелдің бір өнері ас пісіру.
- Әйелдің күші аз, айласы көп.
- Әйелдің өркөкірегі қор болады,
Еркектің өркөкірегі зор болады.
- Әйелдің пірі — еркек.
- Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа.
- Әйел ерге, ер жерге қарайды.
- Әйел ерімен, диқан жерімен.
- Әйел жерден шыкқан жоқ, ол да еркектің баласы.
Еркек көктен түскен жоқ, әйел оның анасы.
- Әйел жолда, бала белде.
- Әйел көркі ақылда.
- Әйелсіз үй сусыз диірмен.
- Әйел үйдің ажары,
Бала үйдің базары.
- Әйелінен сескенген ауылдасына шай іш демейді.
- Әйел үй сақтайды,
Еркек түз сақтайды.
- Еркек — түздің аңы,
Әйел — үйдің қамы.
- Әйелінен ұялған баласыз өтеді.
Жақсылық пен жамандық туралы
- Жақсылық еккен алғыс орады.
- Жақсы адамның танысы көп, жаман адамның жақыны жоқ.
- Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі,
Жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі.
- Оқтаулы мылтық мың күн тұрса, өзі атылады.
- Қайыр қылсаң, бүтін қыл.
- Қайыр бар жерде ырыс бар.
- Жақсылықтың ерте-кеші жоқ.
- Күшті қауіпті емес, кекшіл қауіпті.
- Істеген жақсылығын біреуден болмаса, біреуден қайтар.
- Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді.
- Егінші мәрт – жер жомарт.
- Не ексең, соны орарсың.
- Көзі жаманның сөзі жаман.
- Жақсы туса – елдің ырысы,
Жаңбыр жауса – жердің ырысы.
- Айыратын жаман бар, қосатын жаран бар.
- Жақсы кісі текшіл,
Жаман кісі кекшіл.
- Жақсы болсаң - озарсың,
Жаман болсаң - азарсың.
- Жақсы көргенін мақтап жүрер, жаман көргенін даттап жүрер.
- Жақсы жүрген жеріне кент салады, жаман жүрген жеріне өрт салады.
- Жақсылық қылсаң, жарлы болмассың.
Жан-жануарлар туралы
- Қойдың сүті — қорғасын.
- Ісек қойдың басы үлкен,
Саулық қойдың жасы үлкен.
- Ала қойды бөле қырыққан
Жүнге жарымайды.
- Ақсақ қой түстен кейін маңырайды.
- Ақсақ қой жатып семірер.
- Арық қой — тырысқақ,
Ашадам — ұрысқақ.
- Жаман жасаққа жарамайды,
Желінсау қосаққа жарамайды.
- Қарақұрт жесе
Қой семіреді.
- Семіздің аяғы сегіз.
- Семіздікті қой көтерер.
- Қойшы көп болса,
Қой арам өледі.
- Екі қошқардың басы
Бір қазанға сыймас.
- Сүтсіз қой — маңырауық.
- Қойға қоңырау жараспас.
- Мал аяған — аттан құр,
Төл аяған — ақтан құр.
- Қойлы бай — қорлы бай,
Жылқылы бай — сылдыр бай.
- Қой семізі — қойшыдан.
- Аз қойда айран барда, өре жоқ.
- Қой алты күн аштыққа шыдайды.
- Қой — байлық,
Жылқы — сәндік.
Жанұя туралы
- Әкені көріп ұл өсер, ананы көріп қыз өсер.
- Бала тәрбиесі – бесіктен.
- Жақсы әке – жаман балаға қырық жылдық ризық.
- Інісі бардың тынысы бар,
Ағасы бардың жағасы бар.
- Апасының киген тонын сіңлісі де киер.
- Ата – баланың қорғаны.
- Балалы үйдің ұрлығы жатпас.
- Бала – ананың бауыр еті.
- Сақау баланың тілін шешесі біледі.
- Өз үйім – өлең төсегім.
Келін туралы
- Әр елден келін келер,
Әр түрлі ырым етер.
- Жақсы енені жаман келін жер қылады,
Жақсы келін жаман енені ел кылады.
- Баланың өзі болғаңдай,
Келіннің өзі келгендей.
- Жақсы ауылға келген келін — келін,
Жаман ауылға келген келін — келсап.
- Балаң жаман болса да
Келінің жақсы болсын.
- Жақсы келін жақсы жеңгеден кем түспейді.
- Жақсы келін — келін,
Жаман келін — өлім.
- Жақсы келін кұрдасындай болар,
Жақсы ұлың сырласыңдай болар.
- Жақсы келін қызындай,
Жақсы күйеу ұлындай.
- Келін бой жасырады, дауысын таудан асырады.
- Келін жақсы болса немере тәтті.
- Келін жаман емес, келген жері жаман.
- Келін, келін, келін бақ, келмей жатып сөзің бақ.
- Келіннің бетін кім ашса сол ыстық.
- Келіннің аяғынан,
Қойшының таяғынан.
- Келіннің сөзі кетпендей
Баланың сөзі батпандай.
- Келіні жақсы үйдің керегесі алтын.
- Қызым саған айтам,
Келінім сен тында.
- Төркіні тентек келіннің тілі ұзын,
Төркіні момын келіннің жібі ұзын.
- Ұлттың жауы диуана,
Келіннің жауы кейуана.
Кітап туралы
- Кітап - білім бұлағы,
Білім - өнер шырағы.
- Кітап - ғалым, тілсіз мұғалім.
- Кітап — алтын қазына.
- Кітап алтын сандық:
іші толған қазына, құт,
оқы, оқы, ойыңа тұт.
- Кітап көзі жұмыққа арзан, көзі ашыққа маржан.
- Кітап - қаймақ, білім - оймақ.
- Кітап - оқығандікі, білім тоқығандікі.
Күйеу туралы
- Күйеу атымен күл тасы,
Жезденің атымен жер айда.
- Жаман күйеу қайынсақ.
- Жаман күйеу таң атқан соң сөз қатады.
- Күйеу жолдасымен жарасымды,
Қыз жасауымен жарасымды.
- Күйеу жүз жыддық,
Құда мың жылдық.
- Күйеу келсе қыз тұрмас,
Бесін келсе күн тұрмас.
- Күйеуіне қызы сай,
Елігіне жері сай.
- Күнде келсе күйеу жаман,
Жымысқы болса жиен жаман.
- Күшік күйеу болғанша
иттің күшігі бол.
- Кайындағы күйеуден қарғылаған тазы артық.
Қыздар туралы
- Ақылды қыз — ауыл көркі.
- Алқатсаң алқат қызынды
ақтар ол дәм-тұзынды.
- Арпа берсең атқа бер, қатыр-құтыр шайнасын.
Қызды берсең жасқа бер құшақтасып ойнасын.
- Астың дәмін келтірген тұз әулие
Елдің сәнін келтірген қыз әулие.
- Ән сазымен, қыз назымен.
- Байжанды қыз — ұятсыз.
- Бір жақсы қыз екі жаман ұлға татиды.
- Бір қыздың кесірі қырық есекке жүк.
- Бір қыз күйеуге тисе,
Басқа қыздар түс көреді.
- Жақсы қыз біреу келсе есік ашар,
Жаман қыз біреу келсе төрге қашар.
- Жақсы қызды жатқа жібермейді.
- Жақсы қыз жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт көктегі жұлдыз.
- Жақсы қыз жыртық лашық ішінде.
- Жаман қызбен жатқанша,
Жақсы қызбен сыбырлас.
- Жауынды күні ат көрме,
Айтты күні қыз көрме.
- Қызды ауылдың иті жатпас.
- Қызды қартқа тандат,
Атты жігітке тандат.
- Қыздың аңқауынан сақта,
Ұлдың жалқауынан сақта.
- Қызға берген білінбес.
- Кәрі қыздың ұяты босағадан аттағанша.
Мақсат туралы
- Арманы жоқ жігіттің пәрмені жоқ.
- Іздеген мұратына жетеді.
- Желі тұрған оңынан.
Жеті өзеннен өтеді,
Жеті таудан өтеді,
Арманына жетеді.
- Армансыз адам алысқа бармас.
- Ерді талап ұшырар, құсты қанат ұшырар.
- Жақсы ниет – жарым ырыс.
- Талапсыз өмір бос.
- Арман – адамға қанат.
- Енбекшінің мұратын балта кеспес.
- Жан қиналмай жұмыс бітпес, талап қылмай мұратқа жетпес.
Отан, туған жер туралы
- Гүл өз жерiнде ғана – гүл,
Адам өз отанында ғана - адам.
- Отан отбасынан басталады.
- Отанның жуасы да тәттi.
- Отаныңның әр ағашы күлімдеп тұрады.
- Алқапсыз тау болмайды, Отансыз ер жоқ.
- Туған ел – тұғырың.
- Өзіңнің ғажайып Отаныңды ұмытпа, өз туған жеріңе ешқашан соқпай өтпе.
- Әр құстың өз ұясы өзіне қымбат.
- Тамырсыз жусан да өспейді.
- Туған жердің ауасы да шипа.
- Отансыз адам – ормансыз бұлбұл.
- Отанды сүю – от басынан басталады.
- Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас.
- Отан елдің анасы, Ел ердің анасы.
- Ел іші - алтын бесік.
- Отан елдің анасы,
Ел ердің анасы.
- Опасызда oтан жоқ.
- Отан үшін күрес — ерге тиген үлес.
- Ер — елінде, гүл — жерінде.
- Өз елінде көртышқан да батыр.
Су туралы
- Арық бар жерде су бар,
Су бар жерде ну бар.
- Бұлақ көрсең көзін аш.
- Дария басы — бұлақ.
- Көлдің көркі — құрақ,
Таудың көркі — бұлақ.
- Көл тартылса кұс қашар.
- От — арық, су — семіз.
- Ағын су арнасын табады.
- Саяз су сарқырап ағады.
- Су анасы — бұлақ,
Сөз анасы — құлақ.
- Су байлық — алты айлық,
Қар байлық — үш айлық.
- Су басынан бұзылады.
- Су — диханның каны,
Жер — қолыңдағы наның.
- Судың да сұрауы бар.
- Су — зер, сушы — зергер.
- Су — қан, еңбек — жан.
Табиғат туралы
- Қыстың көзі қырау.
- Нөсер алдында найзағай ойнайды.
- Сәуір болса күн күркірер.
- Сәуір болмай, тәуір болмас.
- Жаңа айдан жақсылық.
- Күркіреген бұлттың жаңбыры аз.
- Қыстағы қар - жерге ырыс,
Жердегі ылғал – елге ырыс.
- Боранда күні ит пен бала құтырады.
- Күн күркіресе, көп дүркірер.
- Ағаш тамырымен мықты,
Адам дос-жарымен мықты.
Тау туралы
- Бұлбұлға бау жақсы,
Кекілікке тау жақсы.
- Асқар тау алыстан көрінеді.
- Асқар таудай алып бол,
Әппақ күндей жарық бол.
- Тау айналмайды, тас айналады.
- Тау бұлағымен сәнді,
Көл кұрағымен сәнді.
- Тауға сүйенген таудай пәледен аман қалады.
- Таудың биіктігін төбе аңғартады,
Маяның биіктігін көде аңғартады.
- Тау кезеңсіз болмас,
Өлке өзенсіз болмас.
- Таулы жердің қыраны көп.
- Тау мен тасты су бұзады,
Азаматты сөз бұзады.
Тәрбие туралы
- Тәрбие тал бесіктен басталады.
- Тәрбиелі адам - тағалы атпен тең.
- Бесік көрмеген ессіз болып, есікке енеді.
- Бесіктен белі шықпаған.
- Анасын сүйгеннің баласын сүй.
- Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келер.
- Алдыңғы арба қалай жүрсе,
Соңғы арба сонда жүрер.
- Жеті атасын білмеген – жетесіз.
- Сүтпен кірген мінез.
Сүйекпен кетеді.
- Құс жеткен жеріне қонады.
Тіл туралы
- Көп сөз – күміс, аз сөз – алтын.
- Жыланның уы – тісінде, адамның уы – тілінде.
- Сөз қадірін білмеген өз қадірін білмейді.
- Жанған от тәнді жылытады, жақсы сөз жанды жылытады.
- Жаман сөз жылатады, жақсы сөз жұбатады.
- Қиыстырып қаласаң отын жанар, қиыстырып айтсаң халық нанар.
- Жақсы сөз – жан азығы.
- Тiл – көңiлдiң кiлтi.
- Ми ойлағанды тіл тындырады.
- Қылышынан қан тамған батырды, тiлiнен бал тамған шешен аттан түсiрiптi.
- Өнер алды – қызыл тiл.
- Бал тамған тiлден у да тамады.
- Қылыш жарасы бітер, тіл жарасы бітпес.
- Сиыр мүйізінен жазады, адам тілінен жазады.
- Тіл тікенді де алады.
- Түйе көтермегенді тіл көтереді.
- Аз сөйле, көп істе.
- Жақсы сөз – жан ырысы.
- Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл.
- Тілде тиек жоқ.
- Піл көтермегенді тіл көтереді.
- Ана тіліңалпыс тілге татиды.
- Қол шешпеген түйінді тіл шешеді.
- Әрбір халық өзінің ана тілінде ғана бақытты.
- Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады.
- Тілін білмейтіндер емес, тілін білгісі келмейтіндер – мәңгүрт.
- Тәрбие тілден басталады.
- Тіл – ұлттың сүйенетін тамыры, cыйынатын тәңірі.
- Тіл – асыл ойдың бұлағы.
- Балаға өз тіліңмен сөйлеме, өз тілімен сөйле.
- Тілді қорлау – халықты қорлау.
- Ұлттың қуаты – тілінде.
- Тіл – достықтың мерейі.
- Тіл – білім, тәрбие тұғыры.
- Тіл – атадан қалған асыл мұра.
Халық туралы
- Халық та, жер тәрiздi, – кәрiлiктi бiлмейді.
- Жол жолмен қосылады, халық халықпен қосылады.
- Халықтың күшi – бiрлiкте.
- Халықтың үні зеңбіректердің дүмпуінен күштірек.
- Халық халыққа жау емес.
- Су жүрген жер береке,
Ел жүрген жер мереке.
- Халыққа қарсы жүру - ағысқа қарсы жүзу.
- Көптің қолы көкке жетеді.
- Халық — қазы, еңбек — таразы.
- Халық сүймес, халық сүйген — суға батпас, отқа күймес.
- Халық сыны қатесіз.
- Халықтан бөлінген қараң қалар.
- Халық түзетпегенді қалып түзетпейді.
- Халықтың құшағы кең.
- Халық ұйғарса хан түйесін сояды.
Комментарии:
Комментарии
RSS лента комментариев этой записи